Тәрбие – баланың дүниеге келген сәтінен басталады. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс — әрекет – ойын. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен, адамдардың еңбегімен, қарым – қатынастарымен танысады. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, көңілін көтеру әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарастарын, мінез — құлқын қалыптастыру құралы деп ерекше бағалаған.
Ойын негізінен балаларға дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды құралы. Ойын балаларды ұйымшылдыққа үйретеді. Ойынның түрлері көп, соның ішінде маңыздысы – дидактикалық ойын. Бұл ойынның пайдасы – баланың ой өрісінің қалыптасуын, дамуын мақсат етіп қояды. Сондай – ақ балалардың адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен дұрыс қарым – қатынас жасау, еңбек адамдарына, басқа ұлт өкілдерін, достық, туған жеріне сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның міндеті – баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыру мақсатында іріктеліп алынатын нақты мазмұнмен анықталады. Дидактикалық ойындар – балалар үшін өзіне тән жүру барысы, мақсаты, маңызы бар әрекет.
Дидактикалық ойындар үш топқа бөлінеді:
- Заттық дидактикалық ойындар – дидактикалық ойыншықтармен және түрлі ойын материалдырымен ұйымдастырылады.
- Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар – «Лото», «Домино» және тағы басқа.
- Сөздік дидактикалық ойындар.
Дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтеді. Ойын ережесі балалардың түсінуіне оңай, қарапайым, әрі қысқа болу керек. Кейде ойынның мазмұны, ережесі балаларға дұрыс түсіндірілмейді де, балалар оған қызықпайды, зейін қойып тыңдамайды. Оның үстіне дидактикалық материалдар мен көрнекіліктерге жеке көңіл бөлу керек. Балалардың таным қабілетін, логикалық ой — өрісін кеңейтіп, сабаққа ынтасын арттыруда дидактикалық ойындарды ұтымды пайдаланудың маңызы зор.
https://sad51-kst.edu.kz/kz/zhanaly-tar/423-didaktikaly-ojyn-ar-yly-balalardy-damytu.html#sigFreeId13ffe590e8