Болашақ ұрпақтың бойында ұлттық патриотизм сезімін қалыптастыру



Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа рухани – патриоттық тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ұлттық намыс, мінез - құлық, тектілік, отансүйгіштік, яғни, рухани - патриоттық құнды қасиеттерді сіңіріп, тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші роль атқарады. Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік - отбасы, ата - ана тәрбиесі болса, екінші бесік - білім беру мекемесі.
Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие - адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Заман талабына лайық тәрбие білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді. Жас ұрпаққа білім беруді жетілдіру мәселесі толассыз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге жүрері анық. Балабақшада берілетін тәрбие - барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан - жақты тәрбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының тигізер әсерінің маңызы зор.