Дидактикалық ойынның маңызы.

Ойын - бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы құбылыстар мен заттарды ойын арқылы түсініп ұғынады.

Баланың сенсорлы  дамуы – бұл баланың сыртқы әлемді танудағы даму, оның түр - әлпетін елестете алуы. Мысалы: олардың көлемі, түр – түсі, үлкендігі, қай жерде тұрғандығы сонымен қатар иісі, дәмі және т.б.  Сенсорлы дамудың мағынасын мектепке бармай тұрып бағалау өте қиын. Дәл осы жасқа келгенде баланың қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасады.

Балабақшадағы тәрбиелеу - оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс - әрекет кезіндегі тілдік қарым - қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.
        Белгілі психолог Е. А. Аркиннің пайымдауынша, ойын және ойыншық балалар өмірін сипаттайтын бірден - бір жалпы ұғым: «Балақай өсімдік сияқты өз ішінен өсіп жетіледі. Және бұл үрдіс қатал түрде әр жеке баланың өзіне ғана тән.

 «Балалардың ойын әрекетін ұйымдастыруды қалай жақсартуға болады?

Бұл мәселе педагогикалық үрдісте қандай орын алады?» деген сұрақтарына жауап іздеп көрелік. Ойын әрекеті балалардың бағалы өмірінің алғашқы күнінен бастап – ақ маңызды орын алады. Алайда жақсы, дұрыс ұйымдастырылған ойын ғана тиісті, қалағаныңдай нәтиже бере алады.

   Дидактикалық ойын – оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл - ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту – мектеп жасына дейінгі кезеңнің, негізгі ерекшелігі. Білімді меңгеру және оны бекіту үшін, дағды мен әдет қалыптастыруда балаға қайталау және жаттығу қажет.Дидактикалық ойын баланың қоршаған дүние туралы түсінігін кеңейтіп және оны бекітіп нақтылай түседі.
     Бала бақылау, оқыған кітап, естіген ертегі арқылы айналасын таниды. Олардың түсінігі алғашқы кезде айқын болмайды. Тәрбиеші баланың түсінігін дидактикалық ойындар арқылы нақтылап, дамытып саналы түрде түсінуін өрістетеді.

Мысалы: бір заттың түсін атаңдар? Бояудың қандай түрін білесіңдер?

Үй жануарларының үшеуін атаңдар. Бала дидактикалық ойын арқылы әр затқа байланысты жаңа білімді меңгеріп, түсінігін тиянақтайды.
Әрбір дидактикалық ойын ойлай білуге баулып, сөздік қорын өсіреді, ақыл - ой қызметін қалыптастырады.
Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады.

Дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған оқу қызметі балаларға көңілді жеңіл келеді.
Дидактикалық ойын – балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын - айналадағы дүниені танудың тәсілі. Ол балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймай, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады.